Главная 


ЧИТАЕМОЕ



Публикации: Мнения и комментарии


10:22:21 13-07-2013

Ғарыш айлағы жалға берілген қора емес

 

Байқоңырдағы апат қазақ қоғамын қатты дүрліктіріп отыр. Дүрлікпей қайтсын, ресейлік мамандардың өзі мұны елімізге жасалған химиялық апатқа тең деп бағаласа. Ресми органдардың табиғаттың өзі гептил-удың ауаға тарауына кедергі жасап, залалсыздандырды деген сөзі ғана көңілге медеу болып тұр әзірге. Әрине, Байқоңыр туралы сөз еткенде ғарыш айлағын жалға алып отырған Ресейді айналып өте алмаймыз. Гептилді зымырандарды тоқтату, ғарыш айлағының бүгіні мен ертеңі туралы «Жас қазақ» газетінің редакциясында эколог Мэлс Елеусізов пен саясаттанушы Андрей Чеботарев сөз қозғады.

Жас қазақ: «Протон-М» зымыран-тасығышының жарылуы жұртшылықты қатты алаңдатып отыр. Ресей де мәз емес. Өйткені, біріншіден, оның жоғары технологиялық ел атты мәртебесіне нұқсан келді. Екіншіден, біраз ақшасы отқа оранды. Бізді алаңдататыны – Қазақстанның экологиясына төнген қауіп пен Байқоңыр маңындағы тұратын азаматтарымыздың денсаулығы. Бейресми мәліметтерге қарағанда, Төретам, Қармақшы және басқа өңірлерде тұрғындар сырқатқа ұшырай бастаған көрінеді. Байқоңырдағы апаттың себебі неде?

Мэлс Елеусізов: Мұның себебі – салғырт-салақтық. Ғарыш саласы өте мұқияттылықты талап етеді. Техниканы барынша мұқият тексеріп, содан кейін ғана ұшыру керек. Ал барлық жер қирап, жауапсыздық жайлаған жерде мұндай нәрсенің көрініс беретіні хақ.

Жас қазақ: Сөзіңіздің жаны бар. Бұған тікелей адам факторы кінәлі екені анықталып отыр.

Мэлс Елеусізов: «Протон» – жақсы зымыран. Ол бұрын жақсы ұшатын, бұдан былай да осылай ұша береді деп ойлаған болуы керек. Кез келген машина бұзылады. Бір жерін бос бұрап қояды, бір жерін теріс жалғап қояды. Нәтижесінде сұмдық оқиға болады. Бұған бір адам емес, бүкіл бір жүйенің құлдырауы кінәлі. Бізде ұшақ құлап, жанармай таситын көлік жарылады. Қайда барсаң да, адами фактор. Ресейде де ахуал осындай. Бұл салғырттық ғарыш саласына да жетті. Бұл – нағыз қасірет. Процестерді қайта-қайта сынап көруі керек. Зымыранның ұшыру алаңында жарылып кетпегеніне тәубе. Әйтпесе, тамашалап тұрған қаншама журналистер мен мамандар опат болар еді. «Не зымыранды, не отынды өзгертіңдер», – деп біз жиырма жылдан бері айтып келеміз.

Жас қазақ: Ресей Байқоңырды жалға алды. Қандай зымыран ұшыру керек, қандай отын тұтыну қажет, ол жағы біздің құзырымыздағы іс емес.

Мэлс Елеусізов: Еліміз табандылық танытса, сауалдарды қатаң қойса, басқаша болар еді. Ғарыш айлағы жалға берілген қора емес. Біз бұған араласуымыз керек. Тәуелсіздіктің таңы атып келе жатқанда мен ғарыштық зерттеулер институтының директоры Талғат Мұсабаевпен әңгімелестім. Қазақстан ғарыштық держава болсын деп ұсыныс айттым.
Мен зымыран жасап, ұшыру туралы ғана айтып отырғаным жоқ. Ғарыш айлағына, ғылыми қуатқа және бақылау бекетіне ие бола тұра, Ресеймен бірлесе отырып, белсенді түрде ғарышты игере алар едік. Жер серіктерін жасап, конструкторлық ойды дамытар едік. Ғарыш дегеніміз – бұл үлкен ғылым.

Жас қазақ: Бұл мүмкін бе? Ғарышты игеру еліміз үшін көтере алмайтын шоқпарды белге байлап жүргенмен бірдей деген пікірді жиі естіп жүрміз.

Мэлс Елеусізов: Мұндай пікір ғылымды өлтіреді. Ресей де ғылым академиясын жойып жатыр. Бұл басшылардың мисыздығы. Ресейдің баспасөзін оқып жүрмін. Ол жақта қолында бардың бәрін әдейі қиратып жатқан секілді.

Андрей Чеботарев: Байқоңырға қатысты Қазақстан мен Ресей арасындағы келісімшарттың мәтінін сөзбе сөз айтып бере алмаймын. Десе де, келісімшарт – қатып қалған догма емес, жиі талқыға салуға болатын құжат. Яғни өзгеріс енгізуге болады. Талғат Мұсабаев былтыр Байқоңырда шикілік бар екенін айтты. Бәрін осыдан бастау қажет-тұғын. Титтей нәрсені қанағат тұтпай, мәселені егжей-тегжейлі қарастыру керек еді. Екі елдің мемлекет басшыларынан бастап ведомство басшыларына дейін бұл мәселені шешуі тиіс. Керек болса, келісімшартты қайта қарауға қол жеткізу қажет. Онда екі жақтың келісімі бойынша өзгерістер енгізуге болады деген ереже бар болуы керек. Екі жақты жауапкершілік жүктелуі тиіс. Яғни Ресей жалға алушы ретінде мойнына жауапкершілік алуы қажет. Өйткені, Қазақстанға қарағанда Ресейдің экономикалық, технологиялық тұрғыдан болса да артықшылықтары бар. Бұл – Ресейдің жауапкершілігі көп болуы керек деген сөз. Өзге елдің аумағынан жалға алған екен, ендеше, осы жерге деген жауапкершілігі өз аумағынан да күштірек болуға тиіс.

Жас қазақ: Жақында ғана Байқоңырға қатысты Астана мен Мәскеу арасында дау туған болатын. Біздікілер дәл осы «Протондардың» санын тым құрыса, барынша қысқартуды талап еткен. Құлаған «Протон» сол кезде Астананың уәжі орынды әрі әділ екенін нақты көрсетіп берді. Алайда «екі жылдан кейін осы зымыранның қайта ұша бастағанына қарап, ресейлік лобби өз дегенін істеді» деп түйіндеуге бола ма?

Мэлс Елеусізов: Зымырандарды ұшыру қажет. Зымыранның бірінші қабатындағы 1-2 тоннаға жуық гептилдің Қазақстан аумағына құлап түсетіні туралы біз бұрыннан білеміз. Елімізде жасыл-желек аз болғандықтан, бұл соншалықты байқалмай тұр. Алайда біз құлаған әрбір қалдықты тексеріп, сараптама жүргізуіміз керек еді. Қалай құлады, оның әсері қандай болды? Бұл у қалай әсер етеді? Осыны нақты анықтау қажет. Бір грам гептил бір шақырым текше ауаны улайды. Мұны бәрі де біледі. Бұл ең алдымен біздің тарапымыздан жауапкершіліктің жоқтығы. Әйтеуір қаланың немесе елді мекеннің үстіне құламағаны қандай жақсы. Ресейдің «Энергия» атты жақсы зымырандары бар. Оны кеңес дәуірінде-ақ жасап шығарған. Экологиялық жағынан ең таза зымыран. Сутегімен жұмыс істейді. Бірақ оны пайдаланбай отыр. Ғарыш айлағын жалға беріп, қарап отырмай, о бастан өзіміз де қатысып, Ресейлік Ғарыш агенттігінің шешімдеріне ықпал ету керек еді.

Андрей Чеботарев: Байқоңырға қатысты дау-дамай осы ғарыш айлағына немесе оны жалға алуға қатысты туған жоқ. Бұл дау-дамай Қазақстан мен Ресей қарым-қатынасындағы кең көлемді саланы қамтиды. Айталық, Кеден Одағы мен БЭК шеңберіндегі интеграцияға қатысты пікір қайшылығы туындады. Ресей Еуразиялық біртұтас парламент құру идеясын тықпалады. Байқоңыр мәселесі Ресейге қарсы қоятын уәж қажет болғанда туындады. Рас, оған дейін де түйінді мәселелер, өкпе-реніш айтылып жүрді. Бірақ олар күн тәртібіне қойылған жоқ. Меніңше, бұл жерде Талғат Мұсабаев Байқоңыр мәселесін жасанды түрде көтерді. Жоғары жақтың тапсырмасы бойынша. Яғни Ресейге ықпал ететіндей тетік табу мақсатымен. Осыдан кейін Ресей дереу Кеден Одағы, әскери-техникалық одақтастық және Байқоңыр мәселелері бойынша Қазақстанның айтқанына құлақ аса бастады. Байқоңырға келсек, ол кезде «Бәйтерек» кешеніне қатысты әңгіме қозғалды. Бұған қатысты Қазақстанның өз мүддесін қаншалықты қорғай білгенін қайдам, бірақ ресми түрде «қорғалды» деп айтуға болады. Құжаттарға қол қойылып, Келімбетов пен Шувалов бастаған комиссия құрылды. Сондықтан ресми ымыраға келе білді. Дегенмен бізде ұдайы осылай болып жатады. Ортақ байламға келеді, қол қойылады да, ал оны жүзеге асыруға келгенде сиырқұйымшақтанып кетеді. Ал ресейлік лоббиге келсек, дәл осы ғарыш саласында ол байқалмайды. Ғарышқа қатысты көп мәселеде Қазақстан Ресеймен тығыз қарым-қатынас жасап, өзара әрекет етеді. Ал ресейлік лобби ғарыш саласынан гөрі мұнай саласында көп.

Жас қазақ: Қазір Байқоңырдың төңірегіндегі тұрғындардың денсаулығын тексеріп, көмек қолын созған ешкім жоқ. Ресей тарапы жым-жырт. Бүлінген экология мен тұрғындардың денсаулығы үшін өтемақы төлеуі қажет. Біз неге талап етпей отырмыз?

Мэлс Елеусізов: Бұл жолы бізге табиғаттың өзі көмекке келді. Біріншіден, жарылыс кезінде гептил жанып кетті. Бірақ оның зияны біржола жойылды дей алмаймыз. Сосын жаңбыр жауды. Улы заттарды Қызылорда, тағы да басқа елді мекендерге айдап апаратындай жел соққан жоқ. Жағдай басқаша болғанда жарылыстың салдары өте қиын болар еді.

Жас қазақ: Сіз мұны эколог ретінде айтып тұрсыз ба? Бұл жарылыстың салдарын шынымен де табиғаттың өзі залалсыздандырды ма?
Мэлс Елеусізов: Иә, мен эколог қана емес, бір нәрсе білетін адам ретінде де айтып отырмын. Рас, радиофобия элементтері бар. Яғни радиация бір қалыпты болса да, ол туралы ұдайы ойлайтын адамның ағзасы ауру табады. Иммундық жүйе әлсірейді. Қазір адамдардың көп ауырып жатқаны осыдан. Бірақ мен ештеңе айтпай-ақ қояйын. Алдымен комиссия құрып, егжей-тегжейлі зерттеуі керек. Ресей қарастырады деп күтпей-ақ, бұл комиссияны өзіміз құруымыз керек. Аймақ қаншалықты уланды? Тұрғындардың денсаулығын тексеруге тиіспіз. Сол кезде біз өз талабымызды батыл қоя аламыз. Экологияға келтірілген зиян үшін де, тұрғындардың денсаулығы үшін де өтемақы талап ете аламыз. Мұны міндетті түрде қолға алу керек. Ресейлік комиссияның не айтқаны бізге қажет емес. Бізді зымыранның неліктен құлағаны қызықтырмайды да. Сөз жоқ, бұл – зиянкестік. Жазаға тартылуға тиісті әрекет. Ресейге қатаң талап қойылуға тиіс. Тағар кінәмізді әділ әрі шынайы жеткізе білген жөн.

Андрей Чеботарев: Меніңше, Қазақстан жағында да жауапкершілік бар. Ресей бір кездері жалға алынған аумақ көлемін азайтқысы келген. Яғни қаланы Қазақстанға қалдырып, тек қана ғарыш айлағын алмақ болған. Қазақстан болса, ғарыш айлағын алсаңдар, қаланы да аласыңдар деп шарт қойған. Егер қала Қызылорда облысының әкімдігіне қарайтын болса, жауапкершілікті әкімдік көтерер еді. Ал қазір бәрін Ресейдің мойнына іліп қойдық. Сондықтан ресми түрде өтемақыны талап ете алмай отыр. Ұлт-патриоттары кәсіби мамандар емес. Олар тек көңіл-күйді ғана білдіреді. Бізге зерттеу жүргізіп, Қазақстанға қаншалықты зиян келгенін нақтылап, өтемақы көлемін анықтап беретін экологтар, ғалымдар керек.

Жас қазақ: Айтпақшы, апаттан кейін оппозициялық партиялар, кейбір ұлт-патриоттары Байқоңыр ғарыш айлағын жабуды ұсынып отыр. Бұған қалай қарайсыз?

Андрей Чеботарев: Бәрі де мүмкін. Егер саяси ерік-жігер болса. Бірақ оны жабу бізге керек пе? Ресейге жалға беруден бас тартсақ, келісім-шартты қайта қарауға болады. Мұның бұл елмен арадағы қарым-қатынасқа сызат түсіретіні анық. Алайда Ресейдің өзі де арагідік «өз жерімізде ғарыш айлағын салып жатырмыз» деген ақпарат таратып жүр. Меніңше, Мәскеу үшін осында болғаны стратегиялық тұрғыдан пайдалы. Осы арқылы Ресейдің Қырғызстанда, Тәжікстанда, Қазақстанда ықпалы болады. Бұл өте маңызды жайт. Ресейдің бұл елдерден есікті тарс жауып кету ниеті де жоқ.

Мэлс Елеусізов: Байқоңыр 60 жылдан аса уақыт бойы салынды. Ол жерге орасан зор қаржы жұмсалды. Жұмыс істеп тұр. Егер Ресей кететін болса, Байқоңыр Приозерск секілді темір-терсекке айналады. Жалға алған қаржыға ғылымымызды дамытып, ғарыш саласын игеру мүмкін нәрсе. Жабудың еш маңызы жоқ.
Андрей Чеботарев: Меніңше, біз серіктеске байланып қалмай, Байқоңырды халықаралық ғарыш айлағына айналдыруға болады. Ол жерге тілек білдіргендердің бәрін, яғни американдықтарды, ресейліктерді, қытайлар мен үнділерді де жіберуге болады. Бұған қол жеткіземіз бе, жоқ па, қол жеткізсек, қалай жүзеге асыруға болады, ол жағы басқа мәселе. Бірақ әрекет етіп көруге болады. Ресейге жалға бергеннен нәтиже шықпаса, тіпті бұл ел: «Өз жерімізде салып алғанымыз жақсырақ», – деп мәлімдеп отырса, ендеше неге басқалармен келіспеске?

Мэлс Елеусізов: Андрейдің айтып отырғаны дұрыс. Қазірдің өзінде халықаралық ғарыш айлақтары бар. Бірақ ол жерден тек қана қауіпсіз зымырандарды ұшыру керек.

Жас қазақ: Әзірге айлақтың қожайыны – ресейліктер. Егер мұндай жағдай қайталанса, не болмақ? Протондарды ұшыруға тыйым салу немесе санын қысқартуға ықпал ететін біздің қолымызда қандай нақты тетік бар?

Мэлс Елеусізов: Әзірге ешқандай тетік жоқ. Келісім-шарттың шикі екені анық. Ол келісімшарт жиырма жыл бұрын жасалған. Соны басшылыққа алып келеміз. Келісімшартқа өзгеріс енгізуге ұмтылған емеспіз. Байқоңырды бәрібір жаба алмаймыз. Жауып тастасақ, үлкен тұрақсыздық болуы мүмкін. Бізге Ресеймен жанжалдасудың қажеті жоқ. Тату тұру керек, бірақ өз талабымызды қоя білуге тиіспіз.

Андрей Чеботарев: Мэлстің сөзіне қосыламын. Заңдық тұрғыдан келісімдерді қайта қарау керек. Бұған екі елдің мемлекет басшысы келіссе, жүзеге асатын іс.

«Жас қазақ», 12.07.2013 г.
Шадияр Өстемірұлы

Просмотров: 35672       « Вернуться назад