Главная 


ЧИТАЕМОЕ



Публикации: Мнения и комментарии


02:28:39 06-05-2014

Шекара ашылғанмен, шектеу азайған жоқ

 

Еуразия экономикалық комиссиясының төрағасы Виктор Христенконың айтуынша, Еуразия экономикалық одағы (ЕЭО) жөніндегі келісімге 29 мамырда қол қойылады деп жоспарланып отыр. "Жас қазақтың" кезекті конференциясына шақырылған саясаттанушы Андрей Чеботарёв пен экономика ғылымдарының докторы Айгүл Түлембаева осынау одақтың саяси һәм экономикалық аспектісіне үңілді.

Жас қазақ: Экономикалық тұрғыдан теріскейдегі көршімен тереземіз тең емес екені, Ресей экономикасы ауқымы жағынан бізді он орайтыны Кеден одағына мүше болғалы айтылып келеді. Ендеше, бұл интеграциядан кім ұтады және кім ұтылады?

Айгүл Түлембаева: Кеден одағы құрылғалы бері мемлекет басшысы кәсіпкерге қарата: «сіздерге жаңа нарыққа жол аштық, экспорттық бағытты айқындадық» деп үнемі айтып келе жатыр. Ал қазақстандық кәсіпкер аталған нарыққа шығуға қаймығады, қорқады. Неге? Себебі біздегі шағын-орта бизнестің 70 пайызы жеңіл импортпен, былайша айтқанда, алып-сатумен айналысады. Ал мұндай жағдайда ресейлік «қасқыр кәсіпкерлермен» бәсекеге түсу мүмкін бе? Ресейлік бизнес бізге қарағанда әлдеқайда агрессивті. Ал қазақстандық бизнес Кеңес одағы кезіндегідей «адам адамға дос» деген түсінікте қалды және одан өзгерген жоқ. Сондықтан да «қазақстандық нарықты ресейлік өнімдер жаулап жатыр» дегенде, мұны теріскейдегі көршіміздің «империялық пиғылына» балаудың реті жоқ...

Андрей Чеботарёв: Бәлкім, бұған біздің шағын және орта бизнесті әуектетіп үйретіп алған үкіметтің де кінәсі бар болар?

Айгүл Түлембаева: Ең қызығы, соған қарамай біздегі ШОБ экономикадағы әлі де болса бұғанасы бекімеген, ең әлсіз саланың бірі. Жақында Кеден одағы елдеріндегі шағын-орта бизнестің дамуы хақындағы зерттеумен таныстым. Мысалға, Беларусьте ШОБ субъектілері мен халық санының өсуі сәйкес келмейді екен. Соңғы 20 жылда шағын бизнес нысандарының саны артқан. Алайда халық саны мардымсыз. Соның кесірінен қазіргі күні беларусь кәсіпорындары кадр тапшылығын тартуда. Бірақ олардың бізді ұтатын тұсы – Беларусьте ШОБ елдің барлық аймағында бірдей дамыған. Бұл аталған елдің экономикасына қолайлы. Бізде бұлай емес. Ресеймен шекаралас жатқан өңірлерде ШОБ-тың жағдайы мәз емес. Ресейдегі ахуал да бізге ұқсас. Шағын және орта бизнес негізінен елдің орталық бөлігінде шоғырланған.

Жас қазақ: Осы одақ болашақта экономикалық тұрғыдан жаһандағы ықпалды ойыншылардың біріне айналуы мүмкін бе?

Андрей Чеботарёв: Әзір бұған қатысты қандай да бір болжам жасаудан аулақпын. Өйткені құрылғалы отырған одақтың алдында шешімін табуға тиісті бірсыпыра міндет тұр. Соның бірі билік әне-міне одақтың игілігін көреміз дегенмен, іс жүзінде халық тұрмыстың ауырлауы мен бағаның өсуін, дәл осы интеграциямен (айталық, Кеден одағы) байланыстырады. Интеграция қалың бұқараның тарапынан даму мен өсудің, өркендеудің факторы ретінде қабылданбай отыр. Бір ғана, Кеден одағының түйткілі қаншама...

Айгүл Түлембаева: Еуразия одағының аясында біз Кеден одағын құру кезінде туындаған түйткілдерді шешеміз, Андрей. Өйткені мұндай мәселемен айналысатын, анықтап айтқанда, үш елдің экономикалық саясатын реттейтін, жүйелейтін өкілетті органдар құрылады. Ал қазіргі күні, оның ішінде Кеден одағында мұндай органдар жоқ. Кеден одағының көп жағдайда шекарасы шектеулі болды. Айталық, аталған ұйым қосымша құн салығын реттеумен айналыса алмады. Ал бұл экономикалық саясатқа жатады. Егер алдағы уақытта құрылғалы отырған экономикалық одақтың жұмысы дұрыс жолға қойылса және соның шеңберіндегі жоғарғы ұлттық органдарға сәйкесінше өкілеттілік берілсе, біз Кеден одағын құру кезінде туындаған мәселелерді реттеуге мүмкіндік аламыз.

Жас қазақ: Орыстілді саясаттанушылар «ЕЭО-ны құрарда, Еуроодақтың (ЕО) тәжірибесіне сүйену керек» деп жүр. Бірақ аталған ұйымды ортақ нарық қана емес, сонымен бірге демократиялық және діни құндылықтар біріктіретіні белгілі ғой?

Айгүл Түлембаева: Біз ЕО-ның жұмыс істеу принципін толықтай көшіріп алуға тиісті емеспіз, бірақ бұл ұйымның кейбір табысты іс-тәжірибесін қағазға түртіп алғанның артығы жоқ.

Андрей Чеботарёв: Бұл ойыңызбен келіспеймін. Еуроодақтың, керек десеңіз, ТМД-ның құрылу кезеңі, қазіргімен салыстыруға келмейтін мүлде басқа уақытқа сай келді. Екіншіден, ЕО Еуропаның бірігуін 50 жыл бойы талқылап, бұл тараптағы келісімшартқа қол қоюды 5-15 жылға кешіктірсе де ұтылмас еді. Өйткені ол тұстағы әлем бүгіндей мың құбылған жоқ. Меніңше, бәзбіреулер айтып жүргендей ЕЭО құжатына қол қоюды 5 жылға, болмаса белгісіз уақытқа шегеру дұрыс емес. Себебі бес жылдан кейінгі жағдайдың қандай боларын ешкім болжап білмейді.

Айгүл Түлембаева: Білуімше, сіз Мәскеуге жиі барып тұрасыз. Ол жақта бұл мәселеге қаншалықты көңіл бөлінуде, біздегідей пікірталас бар ма?

Андрей Чеботарёв: Қазір Ресейде аталған одақтың «қандай пайда әкелері және нендей зияны болары?» барынша талқыланып жатыр.

Айгүл Түлембаева: Мен де бұдан біраз бұрын Мәскеуде осы тақырыпты талқылаған басқосуда болдым. Көпшілік, оның ішінде экономистер мен кәсіпкерлер интеграцияға қарсы шықты. Себебі Кеден одағына кіргелі бері Ресей нарығын Беларусь тауарлары жаулап алған. Жиынға қатысқандар «Еуразия одағына кіргеннен кейін, көрші елден келетін тауардың тасқыны арта түспесе, кемімейді» деді сол жолы. Бұл ресейлік нарыққа кіруге болады дегеннің белгісі.

Андрей Чеботарёв: Иә, теріскейдегі көршіміздің экономикасын бізбен салыстыруға келмейтіні өтірік емес. Жалпы ішкі өнімнің мөлшері бойынша Ресей әлемде 8-орында тұр. Қазақстан – 49-шы, Беларусь 68-орында. Сосын қазіргі интеграциялық үдерісті тауар айналымы тұрғысынан бағалау қате. Өзектілігін жоғалтқан осы түсініктен бас тартатын кез келді. Керісінше, көршімізбен бәсекелескіміз келсе, өзімізді басқа аспектілер, атап айтқанда, жаңа технология, кибер-қауіпсіздік, ақпараттық технология, нанотехнология жасау жағынан бағалау керекпіз.

Жас қазақ: Әйткенмен, осы күнге дейін «қазақстандық тұтыну тауарының экспорты» артты дегенді құлағымыз шалмапты. Ал «импорт артып, экспорт кеміп келеді» деген ақпарды екі күннің бірінде естиміз. Мұндай жағдайда отандық кәсіпкерді ортақ нарыққа шығару шынымен де қауіпті емес пе?

Андрей Чеботарёв: Отандық БАҚ-тағы «экспорт кеміп, импорт өсіп барады» деген ақпараттан көз сүрінеді. Мұндай мәлімет тарататын ақпарат құралдары экспорттың қандай сегменттер бойынша төмендегенін түсіне бермейді. Төмендеп жатқан негізінен шикізат, оның ішінде – ферроқорытпа, көмір, темір, мыс және т.б. Ал олардың шағын және орта бизнеске (ШОБ) түк қатысы жоқ.

Жас қазақ: Біздің 14 облыстың жетеуі Ресеймен шекаралас жатыр. Бұл ретте аталған одақ еліміздегі жұмыссыздық мәселесін толықтай болмаса да, ішінара шешуге ықпал ете ала ма?

Андрей Чеботарёв: Еуразия экономикалық кеңістігі құрылғалы бері (2012 жылдың 1 қаңтарында құрылған ортақ нарық – автор), ресейлік миграция қызметінің дерегінше, Ресейде жұмыс істейтін қазақстандықтар 200-300 мыңнан 550-600 мың адамға жетіпті. Егер кейбір сарапшылар айтып жүргендей, ертең ТМД-ның «жүрегі тоқтар» болса, Ресейдегі мыңдаған тәжік, өзбек шетелдікке айналып шыға келеді де, ендігі жерде виза алуға тиіс болады. Мұндай жағдайда қазақстандық жұмыс күшіне сұраныс туындайды деген сөз. Қазір Ресейде 2,5 млн өзбек, 2 млн тәжік және 500 мың қырғыз азаматы бар. Ал Қазақстанның кейбір өңірінде орташа жалақы 20-40 мыңнан аспайды. Ендеше, ертеңгі күні мыңдаған қазақстандық азамат көрші елден нәпақа табуға аттанып жатса, таңдануға болмас.

Жас қазақ: ТМД-ның еркін сауда аймағымен басталып, Кеден одағы, Еуразия экономикалық кеңістігі арқылы жалғасын тапқан интеграция, ЕЭО- ға біріккелі отырған үш елдегі экономиканың барлық саласына етене енді деп айта аламыз ба?

Андрей Чеботарёв: Жоқ. Интеграцияның ырқына бағынбай отырған салалар бар. Бұл – отын-энергетикалық тауарлар: жанар-жағармай, мұнай, газ. Аталған экспорттық өнімдерге қатысты ортақ баға жоқ (және жуық арада болмайтын да шығар). Себебі бұларға қатысты бекітілген үш елдің бюджеттік саясаты әртүрлі. Мысалға, Ресейдегі жанар-жағармайдың акциз салығы – 60 пайыз болса, бізде 35 пайызды құрайды. Жалпы, отын-энергетикалық кешенінің өнімдеріне қатысты шектеуді алып тастап, одақ аясындағы елдерге ортақ баға бекіту Ресей үшін өте ауыр мәселе. Себебі Ресей экономикасы бұдан 30 млрд доллар жоғалтуы мүмкін. Ал Қазақстан бұған қарсы емес. Өйткені, Ресейден келетін қазақстандық импорттың 25-30 пайызы – отын шикізаты. Өзара саудадағы шектеулерді алып тастау мәселесімен Еуразия одағына біріккенде де бетпе-бет келеміз.


Айгүл Түлембаева: Қалай болған күнде де бұл интеграция бізге қарағанда, Ресей үшін маңыздырақ. Мәскеу мен Батыстың арасындағы серіктестікке сызат түсті, әріптестік байланыс салқындады. Ендеше, Ресейдің ендігі назары, бағыт-бағдары потскеңестік кеңістікке ауары анық, ауды да... Бірақ мұнда да аңдап баспаса болмайды. Себебі Еуразия одағы, жасырары жоқ, Ресей үшін саяси жоба. Бұл арада Мәскеу идеологиялық тұрғыдан аса ұқыпты, әрі дұрыс жұмыс жүргізу қажет екендігін, тек сол арқылы ғана қоғамның интеграция туралы көзқарасын түзерін жақсы түсініп отыр.

«Жас қазақ», 6.05.2014
Дөңгелек үстелді жүргізген Думан Бықай 

Просмотров: 37609       « Вернуться назад