18:06 |
Пятница 22 Ноября 2024
|
||
12:31:15 22-11-2011
«Ақ жол» қай жолға бет алды?
Парламент Мәжілісінің мерзімінен бұрын таратылатыны туралы әңгіме шығуы мұң екен, елдегі саяси партияларға жан бітіп, саяси күштердің қызметі жандана бастады. Президенттік сайлауға түсіп тұрып, басқа кандидатқа дауыс беріп, елді айран-асыр қылған Мэлс Елеусізов жаңа партия құрылатыны туралы мәлімдесе, сол сайлауға түскен тағы бір үміткер – «қызыл жағалы» Жамбыл Ахметбеков те өзінің бар екенін білдіріп, бірді-екілі телеарналардан көрініп қалды. Ал «Ақ жол» демократиялық партиясының жөні бөлек. Кезінде Азаматтық партияны басқарған, кейіннен «Атамекен» одағына басшылық жасаған Азат Перуашев келгелі бұл партияда біраз өзгеріс бар. Соның ішіндегі ең айтулысы – «Ақ жол» демократиялық партиясының қатарына экс-министр Жақсыбек Құлеекевтің кіруі. Құлекеев «Ақ жолға» жалғыз-жарым келген жоқ. Жанында ірілі-ұсақты бірқатар кәсіпкерлер бар. Тек Жақсыбек Құлекеевке жеке-дара тоқталып отыруымыздың себебі, бірқатар мемлекеттік жауапты қызметтер атқарған ол 2008 жылы «пара алды» деген күдікпен ұсталып, айыпталып, үш жылға сотталған болатын. Өткен жылдың соңында шартты түрде мерзімінен бұрын босап шыққан. Қазіргі кезде Құлекеев мырза «Мұнай және газ институты» атты акционерлік қоғамның басқарушы директоры. «Ақ жолдағы» мұндай жаңалықтардың себебін партияның қазіргі көшбасшысы Азат Перуашевтан сұраған едік. «Бұл азаматтардың партия қатарына өтуінің сайлауға ешқандай қатысы жоқ, – деді Азат Перуашев бізге телефон арқылы берген шағын сұхбатында. – Партияға мүше болған азаматтардың әрқайсысы өзінің көзқарасы, саяси ұстанымы бар азаматтар. Өз еріктерімен кіріп отыр». Дегенмен, Азат мырза сайлауға дайындықтың басталып кеткенін жоққа шығармады. Атап айтқанда, қазір «Ақ жол» партиясы «Ел аманаты» деп аталатын саяси бағдарламасын жасау үстінде. Бағдарлама негізгі-негізгі төрт бағыттан тұрады: әлеуметтік, экономикалық, саяси бағыт және ұлттық мүдде. «Қазіргі кезде біз жер-жерде халықтан аманат ретінде ұсыныс жинап жатырмыз. Соған сай бағдарлама түземіз. Әрі қарай оны іске асыруға тырысамыз», – дейді партия жетекшісі. Бәйменов басқарған «Ақ жол» мен Перуашев басқарып отырған «Ақ жолдың» арасындағы айырмашылық нешік? Біздің бұл сұрағымызға Азат мырза былай деп жауап берді: – Айырмашылық көрініп тұр. Бұрын «Ақ жол» ұлттық бағыттағы партия болса, қазір жалпы көпшіліктің партиясы. Қатарымызға орта және шағын бизнесте жүрген кәсіпкерлер, өндіріс адамдары кіріп жатыр. Бұл үлкен артықшылық деп есептеймін. Себебі, кәсіпкерлер мемлекетке алақан жаймайды, керісінше, өз өндірістері мен кәсіпшіліктері арқылы көпшілікке жағдай жасайды. Олардың жақсылығы мен игілігін жақын-жуықтары, туған-туыстары ғана емес, айнала көпшілік көріп отыр. Сондықтан, олардың орны бөлек. «Ақ жол» партиясының белсенділігі және басқа да сауалдар төңірегінде белгілі саясаттанушы, «Альтернатива» өзекті мәселелерді талдау орталығының директоры Андрей Чеботаревпен сөйлескен едік. – Бұл партияның алдағы парламенттік сайлауға дайындықты бастап кеткені көзге көрініп тұр, – дейді Андрей Чеботарев. – Ал сайлау бірқатар себептерге байланысты мерзімінен бұрын өтпек. Дегенмен, «Ақ жол» партиясына айтарлықтай өзгерістер енгізетін уақыт әлдеқашан туған. Дәлірек айтқанда, 2007 жылғы парламенттік сайлауда жеңіліс тапқаннан кейін бұл партия біраз уақыт саяси сахнадан жоғалып кеткен болатын. Сайлау болсын-болмасын, бұл партия өзінің идеологиясын қайта қарап, бағдарламасын қайта түзіп, жұмыс істеу тәсілін өзгертуі қажет еді. Мұны уақыттың өзі талап еткен қажеттілік деп білген жөн. Әрі партия белсенділеріне қатысты «қан жаңарту» қажеттілігі туған. Осы істің бастамасы партия көшбасшысының ауысуынан басталды. Бұл заңдылық. Ал сайлауға байланысты «Ақ жолдағы» өзгерістер әлдеқайда қарқынды жүретін болса, оған таңданудың қажеті жоқ. – Жақсыбек Құлекеев неліктен дәл осы «Ақ жолға» мүшелікке өтті деп ойлайсыз? Мысалы, неліктен «Азат» партиясына бармады? – Оның екі себебі бар деп ойлаймын. Біріншіден, қалай болғанда да, Құлекеев биліктен зәбір көрді. Негізді не негізсіз екені басқа әңгіме, бірақ қылмыстық жауапкершілікке тартылды, жазасын өтеді. Енді ол құқықтық жағынан да емес, саяси жағынан өзінің орнын қайтадан айшықтағысы келеді. Осыған орай саяси реабилитацияның мүмкіншіліктерін қарастырып отырған болуы мүмкін. Екіншіден, Құлекеевтің «Азат» партиясы емес, «Ақ жолға» мүше болуы заңдылық. «Азат» билікке қарсы оппозициялық күшке жатады, ал Құлекеев мұндай күштермен өзінің болашағын байланыстырғысы келмеуі мүмкін. Өйткені, мұндай жағдайда ол қайтадан қысымға ұшырауы ықтимал. «Ақ жол» болса, «Нұр Отан» мен «Азаттың» ортасындағы позицияда. Сондықтан Құлекеев осы партияны таңдады деуге негіз бар. Құлекеевке партия қажет болғаны сияқты, партияға да Құлекеевтің мүше болғаны керек. Өйткені, ол бәрібір үлкен тұлға, жоғарғы билікпен байланысы да жоқ емес. – Партияның беделін арттыру, рейтингін көтеру Азат Перуашевтің қолынан келе ме, қалай ойлайсыз? – «Ақ жолдың» қатарына орта және шағын бизнес өкілдерінің көптеп кіруі, сол арқылы өзін орта таптың мүддесін көздеуші партия етіп көрсетуі, өздерін ұлт-азаттық «Алаш» қозғалысының рухани мұрагері ретінде жариялауы, Желтоқсан көтерілісінің 25 жылдығына байланысты қоғамдық комитет құруы біраз жайттан хабар береді. Қазірше Перуашев мұны мінсіз атқаруда және бұның барлығы дерлік «Ақ жолдың» беделін көтеруге бағытталған шаралар екені де жасырын емес. Әрі бұл партияның аты да, заты да көпшілікке жақсы таныс. Түрлі әлеуметтік сұрау нәтижелерінде ұдайы екінші орыннан түспей келе жатқан партия. Дегенмен де, «Ақ жолдың» ендігі орны мен жөні алдағы парламенттік сайлаудың нәтижесіне байланысты болатынын да жоққа шығаруға болмайды. – Ал «Ақ жолға» Әлихан Бәйменовтің ықпалы қандай деп ойлайсыз? – Біріншіден, Бәйменов қағаз жүзінде әлі де «Ақ жолдың» мүшесі екеніне қарамастан, іс жүзінде партияның қызметіне араласып отырған жоқ. Дәлірек айтқанда, қоғам мұны көріп отырған жоқ. Екіншіден, жер-жердегі Бәйменовтің кадрларының орын ауыстыруы, олардың орнына жаңа басшылықтың келуі Бәйменовтің ықпал ету мүмкіншілігін шектейтіні сөзсіз. Менің жеке пікірімді сұрасаңыз, Бәйменов өзінің мақсатына жетті. Оның мақсаты билікке келу болатын. Қазір ол биліктегі өзінің жағдайын жақсартып, ары қарай саяси қызметін жолға қоюмен айналысады. Соған қарамастан, партия бұрынғы көшбасшыларының жоғарғы билікте отыруын өз мүддесіне пайдалана алады деп ойлаймын. – Парламент тағы да бір партияның мүшелерінен құрала ма, әлде бұл жолы заң шығарушы органға басқа да саяси күштер жіберіле ме? – 2009 жылы заңға енгізілген өзгертулер мен толықтырулар парламентке «Нұр Отаннан» басқа тағы да бір саяси күштің өтетініне кепіл. Тіпті, 7 пайыздық межеден өтпесе де, басқалардан көбірек дауыс жинаған партия парламентке жіберіледі. Бірақ, мұндай сценарий көппартиялылықты дамыту, заң шығарушы органның қызметіне түрлі саяси күштердің араласуын қамтамасыз ету үшін жеткіліксіз. Дәл қазір келесі шақырылымдағы парламентте қанша партия болатынын айту қиын. Перуашевтің келуі арқылы «Ақ жол» билік партиясына бірден-бір «спарринг-серіктес» болып отыр. Компартияның қызметінің жарты жылға тоқтатылуы «халықтық коммунистерге» жол ашатыны тағы бар. Бұған өткен президенттік сайлауда Ақ ордаға қолдау жасаған «Әділет», «Ауыл» партиялары мен Ғани Қасымовтың Патриоттарын қосыңыз. Бұлардың бәрі бірдей «Нұр Отанның» құшағына құлай кетеді деу қиын. 2007 жылғы сценарий енді өтпей қалуы әбден мүмкін. – Парламенттік сайлауда екінші орын қай партияға бұйыруы мүмкін? – Бұл парламенттің екі партиялы не көппартиялы болатынына байланысты. Әсілі, талас-тартыс партиялардың арасында емес, олардың артында тұрған ықпалды күштердің арасында жүреді. Ал қазірге екінші орынды иемдену мүмкіндігі «Ақ жол» партиясында ғана бар. – Мэлс Елеусізовтің мүмкіншілігі қандай? Парламентке өту жағын былай қояйық, жаңа партиясын тіркей ала ма? – Елеусізовтің өзі де, «жасылдар» партиясын құрамын деген бастамасы да елді екіұдай күйге түсірді десек, артық айтқандық емес. Менің білуімше, Елеусізов мұндай бастаманы 1993 жылы көтерген. Соның буымен 1994 жылы ҚР Жоғарғы Кеңесінің депутаттығына түскен. Осыдан кейін «жасылдар» партиясын құру жөніндегі бастама тұңғиыққа кетті. Араға бірнеше жыл салып, 2006 жылы Алматыда «Табиғат» партиясының құрылтай съезі өтті. 2009 жылы олардың веб-сайты жұмыс істей бастады (www.greenparty.kz). Бірақ, партияның өзі одан кейін де саяси сахнаға шыққан жоқ. Елеусізовтің өзі де, оның айналасындағылар да мұның себебін ешқашан ашып түсіндірген емес. Осыдан кейін бұл брендті өткен жылы көшбасшысы ауысқан «Руханият» партиясы қағып алды. Елеусізов пен оның командасының баяғы бастаманың шаужайына қайта жармасуына ықпал еткен де осы жағдай болуы мүмкін. Қалай болғанда да, соңғы жылдары жасап жүрген жұмыстары мен мәлімдемелеріне қарағанда, «Табиғаттың» көсемі қазіргі биліктің тілін тапқанға ұқсайды. Сондықтан, олардың тіркеуден өтуі аса қиындық тудыра қоймауы мүмкін. Оның үстіне, «Руханият» жасылдар партиясының жетекшісі Серікжан Мәмбетәлиннің оппозициялық бағыттағы мәлімдемелері екі «жасыл» партияны бәсекелестіріп қоюға жетіп жатыр. Соған қарамастан, «Табиғат» партиясы Мәжіліске өтеді деп үзілді-кесілді айта алмаймыз. Бәрін уақыт көрсетеді. «Jaqsy.kz», 12.11.2011 г. Просмотров: 49593 « Вернуться назад
|